Петропавлда көктемгі тасқын кезінде үйі суға кеткен 25 отбасы құжаттарының жоқ болуына байланысты баспана ала алмай отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Петропавл қалалық әкімдігінің мәліметінше, бұл тұрғындар үйлерін өз аттарына түсіріп, құжаттарын түгендеуге асықпаған.
– Тасқыннан зардап шеккендерге баспана беру тәртібі бар. Белгілі бір құжаттарды жинап тапсыруы керек. Соның ішінде апатты деп танылған үйдің өтініш жазған адамның атында екені расталуы тиіс. Құжаттар толық болмағандықтан, қате шыққандықтан бірнеше рет кері қайтарылды. Мұндай мәселе 25 отбасында туындады. Құжаттарын түгендегесін-ақ мәселе шешімін табады, баспана сатып аламыз немесе жалға беру-коммуналдық қордан беріледі, – дейді әкімдік өкілдері.