Петропавлда үш адамды айуандықпен өлтірген ер адамға сот үкімі шықты

122

Ер адам өмір бойына бас бостандығынан айырылды.

Петропавлда үш адамды айуандықпен өлтірген ер адамға сот үкімі шықты Фото: saigez.kz

Петропавлда әйелі мен өгей баласын және інісін өлтіріп, өртеді деп айыпталған Александр Канищев сотталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Солтүстік Қазақстан облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта бұл іс алқабилердің қатысуымен қаралып, ер адамға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Сотталушы Александр Канищев сот залында өзін видео, фотоға түсіруге рұқсат бермеді.

"1998 жылы туған, СҚО тумасы, некеде тұрмаған, орта білімі бар, әртүрлі жұмыс істеген Александр Канищев ҚР ҚК 99-бабы 2-бөлігінің 1, 3, 5-тармақтары (Екі немесе одан да көп адамды өлтіру, кінәлі адамға дәрменсiз күйде екенi көрінеу белгiлi адамды өлтіру және айрықша қатыгездікпен өлтіру) және ҚР ҚК 99-бабының 3-бөлігі (Жас баланы өлтіру) ҚР ҚК 191-бабының 1-бөлігі (Тонау) бойынша кінәлі деп танылып, өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалсын. Бұған дейінгі ешқайда кетпеу туралы қолхат түріндегі шектеудің орнына ол сот залында қамауға алынып, жазасын қылмыстық атқару жүйесінің төтенше қауіпсіз мекемесінде өтейтін болады. Сондай-ақ, жазасын өтеу орнында маскүнемдіктен емделеді. Бұдан бөлек Канищевтен сот сараптама шығындарын – 2 млн 748 мың теңге және зардап шегушілерге 30 АЕК немесе 118 мың теңге өтемақы өндірілсін", - деді СҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Ерлан Нұршәріпов.

Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу