Петропавлда зейнеткер алаяққа алданып, 5,5 млн теңгесінен айырылды

338

Полицейлер алаяқты анықтады

Петропавлда зейнеткер алаяққа алданып, 5,5 млн теңгесінен айырылды Фото: google.com

Петропавлдың 76 жастағы тұрғыны алаяқтарға алданып, 5,5 млн теңгесінен айырылды, деп хабарлайды inbusiness.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Зейнеткерге біреулер қоңырау шалып, "сіздің қызыңыз жол-көлік оқиғасының себепкері болды, оның кесірінен жүкті әйел өлім аузында жатыр" деп хабарласқан. Телефонның ар жағындағы бейтаныс өзін полиция қызметкері ретінде таныстырған. Оның айтуынша, апаттан зардап шеккен әйелдің туыстары оларға үлкен сомада ақша төленген жағдайда арыз жазбауға келіскен. Күтпеген хабардан есеңгіреген зейнеткер келісіп, үйіне келген курьерге өзінің барлық жинап-терген 5,5 миллион теңге ақшасын беріп жіберген.

Көп ұзамай оның қызы үйге келіп, оқиғаға қаныққаннан кейін дереу полицияға жүгінген. Тәртіп сақшылары курьерді алысқа ұзатпай ұстады. Ақша тәркіленді. Полицейлердің айтуынша, ол Петропавлда тіркелген алаяқтықтың тағы екі фактісіне қатысы болуы мүмкін.

"Петропавлдың 17 жастағы тұрғыны ұсталды, кәмелетке толмағандығына байланысты ол ата-анасының кепілдік беруімен босатылды. Бұл факті ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігі "Алаяқтық" бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Адамдарды осылайша алдау схемасы кеңінен таралып келеді. Сондықтан тұрғындарды ескерткіміз келеді. Осындай жағдайда әңгімені үзіп, алаяқтар сөз етіп отырған туыстарыңызға хабарласыңыздар, жол-көлік оқиғасы фактісінің жоқтығына көз жеткізу үшін "102" арнасына дереу қоңырау шалу қажет", - дейді СҚО ПД Петропавл қалалық полиция басқармасының бастығы Ербол Тайбеков.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу