Петропавл полицейлері аялдама павильонының шынысын сындырған бұзақыны “ізін суытпай” анықтады. Ол қалалық мектептердің бірінің 8-сынып оқушысы болып шықты.
Ол 17 қыркүйекке қараған түні Жамбыл мен Партизанская көшелерінің қиылысына жақын тұрған павильонды сындырып кеткен.
"Түн ортасында Жамбыл көшесімен келе жатқан екі жасөспірімнің бірі павильонның шынысын аяғымен теуіп сындырып, кейін сол жерден қашып кетеді. Олардың бұл әрекеті Петропавл қалалық ПБ жедел басқару орталығының бейнебақылау камераларына түсіп қалды. № 4 учаскелік полиция пунктінің қызметкерлері 14 жастағы жасөспірімді анықтады. Ол анасымен бірге учаскелік полиция пунктіне шақыртылып, бұл әрекетке не себепті барғанын айтып берді. Айтуынша, досы екеуінің арасында туындаған келіспеушілік салдарынан ашуын аялдамадан алған", - дейді полиция.