Петропавл қаласындағы Заречный кентінде қазба жұмыстары жүргізілген аумақтан адамның бас сүйектері мен сүйек фрагменттері табылды.
Археолог-ғалым Анатолий Плешаковтың айтуынша, бұл аумақта бұрын зират болған. Оның мәліметінше, 1960 жылдарға дейін мұнда қайтыс болған сотталғандар жерленген. Сондай-ақ 1930 жылдары бұл жерде барактар орналасып, репрессияға ұшырағандар да осы маңға жерленген.
1Сүйектердің ашық жерге шығып, шашылып жатуы – тарихи және адами тұрғыдан алғанда дұрыс емес1, – деді Плешаков.
Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаментінің мәліметінше, адам сүйектерінің табылғаны жөнінде хабар түскен бойда оқиға орнына жедел-тергеу тобы жіберілген.
"Табылған сүйек фрагменттері сот-медициналық сараптамаға жіберілді. Алдын ала мәлімет бойынша, зорлық-зомбылық белгілері жоқ. Сараптама нәтижесіне сай заңға сәйкес шешім қабылданады", – делінген ведомство жауабында.