Петропавлдық кәсіпкер озат оқушыларға шәкіртақы тағайындады. Андрей Исаков өзі оқыған мектептің 70 оқушысына қаржылай қолдау жасап отыр. Үздіктерге 5 мың мен 15 мың теңге аралығында шәкіртақы беріледі, деп хабарлайды 24.kz.
"Бұл оларды ынталандырып, ілім-білімге деген құлшыныстарын оятуға мүмкіндік береді", – дейді іскер азамат.
Ғабит Мүсірепов атындағы №43 мектептің оқушыларына жылына 5 млн теңге қаржы қарастырылған. Кәсіпкердің көмегі бұл ғана емес. Ол 10 жылдан бері талапты балаларды қолдап келеді.
"Бизнес қоғам мәселелеріне араласып, оның шешілуіне үлес қосуы қажет. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та айтты. Қазақстанда кәсіпкерлерге көп көмек көрсетіледі. Сондықтан біздің де қолдау жасағанымыз жөн", - дейді кәсіпкер Андрей Исаков.