Петропавлдық сепаратистердің үшеуі тұтқындалды

517

Халықтық кеңестің" үш мүшесінің әрекеттері Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 180-бабы 2-бөлігі және 179-бабыбойынша сарапталған.

Петропавлдық сепаратистердің үшеуі тұтқындалды Фото: видеодан алынған кадр

Қазақстаннан "тәуелсіздігін" жариялаған Петропавлдағы сепаратистік ұйымның 3 белсендісі тұтқындалды. Бұл туралы Солтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасы хабарлайды.Ұсталғандарға қатысты қылмыстық кодекстің 2 бірдей бабы бойынша тергеу жүріп жатыр. Елдің тұтастығын бұзбақ болғандар қанша жылға сотталуы мүмкін? Аты шулы жиынға қатысқан басқа да тұлғалар жазалана ма? 

Әлеуметтік желіде тараған видеодағы "Халық кеңесінің" отырысына 20 адамның қатысқаны белгілі болды. Әзірге олардың 3-уі ұсталып, изоляторға қамалған.  

Қалғандарына қатысты тергеу жалғасуда. Олардың әрекеттеріне объективті және жан-жақтықұқықтық баға беріледі делінген Солтүстік Қазақстан прокуратурасы таратқан хабарламада. Қоғам мен желіні біраз шулатқан видеоға сараптама жасаған мамандар одан сепаратизм белгілерін анықтапты. Бейнематериалдың 19 наурызда Солтүстік Қазақстан университетінің колледж ғимаратында түсірілгені де расталды. 

"Қылмыстық  істің жиналған материалдары негізінде "Халықтық кеңестің" үш мүшесінің әрекеттері Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 180-бабы 2-бөлігі және 179-бабыбойынша сарапталған.  Аталған тұлғалар Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестікКодексінің 128-бабы тәртібінде  ұсталды және уақытша ұстау изоляторына қамалды", - дейді СҚО Прокуратурасының өкілі.

Қазақстаннан тәуелсіздік жариялап, оны мемлекет емес, "корпорация" деп атағандар 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.  Естеріңізде болса видео желіде осы айдың басында кең тарала бастады. 

Кейінірек ұйым белсенділері Президент пен жерлестерінен кешірім сұраған еді. Олар мұны алауыздық тудыру үшін Әблязовтың адамдары ұйымдастырды деп пайымдады, алайда құзырлы органдар бұл жайында тіс жармай отыр. 

Ал 30 шақты Мәжіліс депутаты бірігіп, Қазақстанның бас прокуроры Берік Асыловтың атына ашық хат жолдағаны есте. Сол хаттың астына қол қойған халық қалаулыларының бірі Айдос Сарым тергеудің нақты нәтижелерін күту керек дейді.

"Мәселе асқынбай тұрып ауыздықталды деп айтуға болатын шығар. Әрине, болашақта да мұндай жағдайлар қайталануы мүмкін. Сондықтан тиісті күштік құрылымдар өзінің жұмысын белсенді атқаруы керек. Тергеу біткен соң нақты жауабын береміз деген. Күтеміз, жақын арада шығып қалатын шығар деп ойлаймын", - деп пікір білдірді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айдос Сарым. 
 

Бұған дейін блогер Ілияс Мыңжасаров дәл осындай "Халық кеңесінің" Өскеменде де бар екенін жазды. Тіпті, инстаграмда парақша мен телеграмда чат та ашып алған. Олар құрған кеңес КСРО кезіндегі Қазақстанның 37-ші жылы қабылданған ескі конституциясына негізделген. Сепаратистер өздерін Ұлы Отан соғысы жеңімпаздарының мұрагерлеріміз деп атайды. Мұндай сепаратистік ұйымдар басқа өңірлерде де тығылып жатуы мүмкін екенін ескерсек, құзырлы органдарға оларды анықтауға баса мән беру керек сияқты. Іштен шыққан жау жаман деп қазақ бекер айтпаған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу