Петропавлға дейін газ құбырын тарту жоспарлануда

1094

Бұл 1 млн 100 мың адамның газға қосылуына мүмкіндік береді.

Петропавлға дейін газ құбырын тарту жоспарлануда

Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев министрліктің басым бағыттарының бірі – елдегі газ саласын дамыту және елдімекендерді газдандыру екенін ерекше айтты. Сондай-ақ, министр Сарыарқа магистралді газ құбырларымен келетін газдың көтерме бағасын да мәлім етті.

"Газ құрлысының арқасында Нұр-Сұлтан қаласы, Ақмола және Қарағанды облысының тұрғындары көгілдір отынға қол жеткізеді. Осы өңірлерде 1 мың текше метр газдың көтерме бағасы 24 537 теңге болады. Өңірлердің газдандырылуы деңгейін есепке ала отырып, көтерме бағаны Энергетика министрлігі бекітеді. Қазіргі кезде Нұр-Сұлтан қаласы мен Ақмола және Қарағанды облысы әкімдіктері газды бөліп-тарату жүйесін салуда", – деп айтып өтті Нұрлан Ноғаев халық алдында есеп беру кездесуінде.

Министрдің сөзінше, қазіргі кезде елордадан Солтүстік Қазақстан облысының орталығына дейін тартылатын газ құбырының құрылысын салу жоспарлануда.
"Сарыарқа магистралді газ құбырларының келесі кезеңін жүзеге асыру мәселесі пысықталуда. Бұл – жалпы ұзындығы 453 шақырым болатын Нұр-Сұлтан – Көкшетау және Көкшетау – Петропавл магистралді газ құбырының құрылысы. Көрсетілген кезеңдерді іске асыру 1 млн 100 мың адамның газ желісіне қосылуына мүмкіндік береді. Тұтыну көлемі жылына 700 млн текше метрден астам", – деп түсіндірді энергетика министрі.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу