Соңғы күндері жұмысшылар төрт адамды кезекшілікке қалдырып, қалғандары жұмыс орынына шықпады. Кезекшілер өндіріс процесіне қатысқан жоқ, тек бақылаушы қызметін атқарды. Салдарынан кен орнында мұнай сұйықтығын қайта өңдеуге, су қабатынан бөлінуге және одан әрі сатуға дайындауға түсетін құрастыру қондырғысы істен шыққан.
"Сорғылар мен жабық клапандардың істен шығуы өндіріс тізбесінің үзілуіне әкеп соқтырды. Апаттың алдын алу үшін басшылық құрамнан бес адам барлық 104 ұңғыманы жұмыс тәртібіне келтіру үшін шұғыл шаралар қабылдады, алайда бір сыйымдылық зақымданды. Ереуілге байланысты өндіріс толығымен тоқтатылды. Бұл технологиялық процесті бұзу болып табылады. Егер процесс жақын арада іске қосылмаса, онда кен орнындағы ұңғымалар инерциясын жоғалтып, істен шығуы мүмкін. Бұл одан да ауыр зардаптарға әкеледі. Нәтижесінде кәсіпорын мұнайды жеткізу, өз қызметкерлеріне жалақы төлеу, жеткізушілермен және мердігерлермен есеп айырысу, салықтық және өзге де төлемдерді төлеу бойынша өзіне алған міндеттемелерін орындай алмайды", - деп хабарлады компания өкілдері.
Айта кетейік, 15 желтоқсанда акционерлік қоғам ереуілді заңсыз деп тану үшін сотқа жүгінді. Сот талапты қанағаттандырды.
ҚР Еңбек кодексінің талаптарына сәйкес, қызметкерлер үш сағат ішінде міндеттерін орындауға кірісуге тиіс еді. Бұл туралы жұмысшыларға хабарланды. Бірақ сот шешіміне қарамастан, қызметкерлер вахталық қалашық аумағында наразылықты жалғастырып, жұмыс орындарына оралмады.
Еңбек дауын реттеу үшін компанияның акционері қызметкерлермен кездесті. 20 желтоқсаннан бастап барлық қызметкерлердің жалақысын 15%- ға арттыруды ұсынды. Еңбекақысы 130 мың тг-ден аспайтындарға 50% арттыру шешілді. 2023 жылы мұнай өндіруге қарамастан жалақыны кезең-кезеңімен арттыру жүргізілетін болады: 1 мамырдан бастап 20%-ға , ал 1 қыркүйектен бастап тағы 20% өсетін болды.
"Осы шарттармен келісуге дайын жұмысшылар жұмысқа шығуы керек. Өкінішке орай, жұмысшылар жалақыны бір мезетте 100% көтеру, компанияның бас директорын жұмыстан шығару туралы талаптар қойды. Компанияның қаржылық жағдайына байланысты қанағаттандырылмайтын талаптар бар. Алда компания Қазақстанның қолданыстағы заңнамасында белгіленген тәртіппен қатаң түрде жұмыс істейтін болады", - деді Phystech II АҚ Бас директоры Е.Байжалиев.