Пилоттық жоба декларациялауға әлі ерте екендігін анықтады

1300

Қазақстандықтар қолданыстағы заңнамаға сәйкес  2020 жылғы 1 қаңтардан бастап жалпыға бірдей декларация тапсыруы керек еді. 

Пилоттық жоба декларациялауға әлі ерте екендігін анықтады

Жалпыға бірдей декларациялау 2021 жылдан бастап кезең-кезеңмен енгізілетін болады, деп хабарлайды Қаржы министрлігінің баспасөз қызметі.

Қазақстандықтар қолданыстағы заңнамаға сәйкес  2020 жылғы 1 қаңтардан бастап жалпыға бірдей декларация тапсыруы керек еді. Осыған байланысты заңнамалық базаны, ақпараттық жүйелерді дайындау, уәкілетті органдардың деректер базасын өзектендіру, өңірлерде пилотты өткізу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқан болатын.

Дегенмен, Қарағанды облысының Осакаровка ауданындағы пилоттық жобаның нәтижелері проблемалық мәселелерді анықтап, оларды шешуге қосымша уақыт қажет керек екеніне көз жеткізді.

Сондықтан Қаржы министрлігі жалпыға бірдей декларация тапсыруды кезең-кезеңімен енгізу бойынша Үкіметке ұсыныс енгізді.

Ол бойынша бірінші кезеңде, 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік қызметкерлер мен олардың жұбайлары, сондай-ақ оларға теңестірілген тұлғалар және олардың жұбайлары декларация тапсыруды бастайды. Екінші кезеңде – 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік кәсіпорындардың қызметкерлері (оның ішінде білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және т.б. салаларды қоса алғанда) және олардың жұбайлары, ал үшінші кезеңде 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары және олардың жұбайлары, дара кәсіпкерлер және олардың жұбайлары декларация тапсыруды бастайды. Төртінші кезеңде 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап – халықтың қалған санаттары.

Қазіргі уақытта жалпыға бірдей декларациялауды кезең-кезеңімен енгізу бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына түзетулер дайындалуда. Олар Парламентке белгіленген тәртіпте ұсынылады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу