Астаналық полицейлер үш апта бойы қалада пиротехникалық заттарды рұқсатсыз сататындарды анықтап, заңсыз саудамен айналысқаны үшін әкімшілік іс қозғайды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің медиа орталығы.
"Елордада 19 желтоқсанынан бастап "Пиротехника-2017" жедел алдын-алу шарасы басталды. Үш апта бойы тәртіп сақшылары заңсыз және сертификатталмаған пиротехникалық заттарды сатудың алдын алу үшін тексеру жүргізеді", - деді Астана қалалық ІІД азаматтық және қызметтік қару айналымына бақылау жасау бөлімшесінің бастығы Бағлан Қазбеков.
ІІД өкілінің мәліметінше, акция басталғалы бері пиротехника өнімдерін заңсыз саудалаудың бір оқиғасы анықталды.
"Одан 833 дана отшашу тәркіленді. Қазіргі уақытта әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 483 бабына сәйкес әкімшілік іс қозғалып, жиналған құжаттар сотқа жіберу сатысында", - деді ол.
Астанада пиротехникалық заттарды сатумен 5 компания айналысады. Олардың лицензиялық рұқсаты мен бірнеше сауда нүктелері бар. Тәртіп сақшылары базарлар мен сауда орталықтары және басқа да халық көп жүретін жерлерде заңсыз саудамен айналысатындарды анықтауда. Бұған қоса, полицейлер пиротехникалық заттарды әлеуметтік желілер арқылы сатумен айналысатын саудагерлерді де бақылауда ұстап отыр.