Алматыдағы №1 Қалалық клиникалық аурухананың Торакальды хирургия орталығы 56 жастағы науқастың көкірек қуысына ота жасады, деп жазды inbusiness.kz.
Дәрігерлердің айтуынша, кеңірдек стенозы немесе кеңірдектің тарылуы ұзақ уақыт жасанды тыныс алу аппаратымен дем алған, трахеостомия жасалған, мойын жарақатын алған, кеңірдегі мен жұтқыншағы күйген, кеңірдек жолында ісік пайда болған науқастарда кездеседі. Бұл дерт ауаның өкпеге түсуін қиындатады.
"Торакальды хирургтар кеңірдек стенозы диагнозы қойылған 56 жастағы науқаста осындай ота жасады. Ол биылғы ақпан айында коронавирус жұқтырып, пневмонияның ауыр түрімен ауырған", – деді Хирург Мұхтар Нысанбай.
"Ақ халаттының" айтуынша, науқас ұзақ уақыт бойы жансақтау бөлімінде, кейін интенсивті терапия бөлімінде жатқан.
"Өкпені жасанды желдету аппаратымен ұзақ уақыт бойы дем алғандықтан кеңірдегіне трахеостомия жасалған. Ауруханадан шыққаннан кейін араға бір ай салып дем жетпей алқынып, тыныстағанда кеудесінде ысқырық пайда болған. Компьютерлік томография мен бронхоскопия нәтижесінде кеңірдектің төменгі бөлігінің тарылғаны анықталып, циркулярлы стеноз деген диагноз қойылды", – дейді дәрігер.
Торакальды хирургтер эндоскопиялық электроэксцизия деп аталатын операция жасады. Қазір науқастың жағдайы жақсы.
"Соңғы кезде мұндай жағдайлар жиі кездесетін болды. Бұл дерттен әсіресе, жасанды тыныс алу аппараты арқылы ұзақ уақыт дем алған және кеңірдегіне тілік жасалған адамдар зардап шегеді. Олар демікпедегі сияқты тұншығып, ауа жетпей қиналады, қақырық түсуі қиындайды", – дейді Мұхтар Нысанбай.
Торакальды хирургия орталығындағы УДЗ, фиброэндоскоп, КТ, МРТ сынды заманауи қондырғылар операцияны асқан дәлдікпен жүргізуге мүмкіндік береді. Шалғай елді мекендердің тұрғындары электронды хат немесе телефон арқылы алдын-ала сырттай консультация ала алады. Сонымен қатар мұнда көшпелі қабылдау және ота жасау мүмкіндігі де қарастырылған. Қызмет тегін медициналық көмек және сақтандыру пакеті арқылы көрсетіледі.
Құралай Құдайберген