"ҚТЖ"ҰК" АҚ құрылымдық бөлімшелері мен темір жолдар желісінде қыс маусымында жұмыс істеуге дайындық бойынша шаралар жоспарын жүзеге асыру басталды, - деп хабарлайды "Қазақстан темір жолы" ҰК"АҚ баспасөз қызметі.
Шаралар шеңберінде қар тазалауыш және қар жинағыш 55 бірлік техниканы деполық жөндеуден өткізу, 4,9 мыңнан астам ғимаратты, сондай-ақ, 117 км жолды қардың басып қалуынан қорғайтын құралдарды дайындау жоспарланып отыр.
"Басты назар жол және имараттарға бөлініп отыр. Қазіргі кезде магистральдар күтіміне және жаңғыртылуына қатысты жазғы жол жұмыстары жүзеге асырылуда", – дей келе "ҚТЖ" ҰК"АҚ магистральдық желі дирекциясының директоры Төлеубай Кенжебеков, бүгінде 469 км темір жолға күрделі жөндеу жүргізілгенін және де бұл көрсеткіш жылдық жоспардың 54%-ін құрап отырғанын атап өтті.
Күшейтілген орта жөндеудің жылдық жоспары 41 км болса, бүгінде оның 40 километрі орындалған. Орташа жөндеу 30 км жолға орындалған. Жол машиналарымен 3,8 мың км жол қайта құрылымдаудан өткен. Жөндеу жұмыстарынан кейін 154,6 км жолда жолаушылар пойыздары үшін, 116 км жолда "Тұлпар-Тальго" вагондарынан жасақталған жүрдек пойыздар үшін, 53,7 км жолда жүк қозғалысы үшін, ал 90 км жолда контейнерлік пойыздар үшін жылдамдық артқан.
"Қыс маусымында темір жолдың тиімді жұмыс істеуі және пойыздар қозғалысы қауіпсіздігінің қамтамасыз етілуі ерекше көңіл бөлуді қажет етеді. Қатал мезгілде жұмыс істеуге дайындық барысында компанияның барлық шаруашылығы мен құрылымдық бөлімшелерінің басты міндеті бір – ол жұмысты сапалы өткізіп, берілген нақты уақыт мерзімінде аяқтау", – деп атап өтті Төлеубай Кенжебеков.