Квазимемлекеттік секторлар, құқық қорғау және сот органдарында жұмыс істейтін қызметкерлердің жемқорлыққа бармауын арнайы дайындалған мамандар тексеретін болады. Бұл туралы бүгін жемқорлықпен күрес агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Бектенов мәлімдеді.
Оның сөзінше, арнайы қызмет өкілдері полицейлер мен судьялардың да пара алмауын қадағалайды. Олар осыған дейін жұмыс істеп келген жедел-тергеу топтарымен қатар жұмыс істейтін болады. Жаңадан құрылған қызметке арнайы дайындығы бар білікті кадрлар іріктеліп алынған.
"Өздеріңіз білетіндей, квазимемлекеттік секторға бюджет пен ұлттық қордың қомақты қаражаты бөлінуде. Ал оның оңды-солды шашылып кетпеуін қадағалау біздің басты міндетіміз болып саналады. Сол үшін біз жемқорлық фактілерін жоюмен айналысатын арнайы дайындығы бар адамдарды қатарымызға қостық",– деді Олжас Бектенов.