Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты билік өкіліне оның қызметтік міндеттерін атқаруына байланысты денсаулығына зиян келтіремін деп қорқыту арқылы қылмыстық құқық бұзушылық жасаған К.-ға қатысты айыптау үкімін жариялады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Осы жылдың 15 шілдесінде сотталушы К. Астана қаласында полиция қызметкерінің одан әрі тергеу жүргізу үшін аудандық полиция бөліміне бару туралы заңды талабына бағынбай, оған күш қолданамын деп ауызша қорқытқан.
Сот талқылауының нәтижесінде К. ҚК 380-бабының 1-бөлігінде қарастырылған қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Прокурор сотталушыға ҚК 380-бабының 1-бөлігі бойынша 1 жыл мерзімге бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындауды сұрады.
Сотталушы кінәсін мойындап, өзіне айыппұл түріндегі жаза тағайындауды сұрады.
Жаза тағайындау кезінде сот жеңілдететін мән-жайлар ретінде кінәсін мойындауын, жасаған ісіне шын жүректен өкініш білдіруін ескерді, бұрын соттылықтың болмауын ескерді.
Сот сотталушының жеке басына қатысты деректерді, оның жасаған қылмыстық құқық бұзушылығының сипаты мен қоғамдық қауіптілік деңгейін, жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайларды, сондай-ақ оның материалдық жағдайын ескере отырып, 1 жыл мерзімге бостандығынан шектеу түріндегі жаза тағайындады.
Үкім заңды күшіне енді.