Жыл басынан бері есірткі заттарын сатқаны және сақтағаны үшін құқық қорғау органдарының 11 қызметкері мен әскерилер ұсталған. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Полиция қызметкерлерінің өздері есірткінің заңсыз айналымына қатысы бар екендігі бәрімізді ашуландырады. Нашақорлықпен күресушілердің өздері оған көмектесетіні ешкімге құпия емес. Биыл, есірткі заттарын сатқаны және сақтағаны үшін құқық қорғау органдарының 11 қызметкері мен әскери қызметшілері ұсталды. Бұл – көші-қон полициясының қызметкерлері, полиция департаменті есірткіге қарсы басқармаларының басшылары мен жедел уәкілдері, ұйымдасқан қылмысқа қарсы басқармасының, түзеу мекемесінің, Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері", - деді Мәжіліс депутаты.
Оның айтуынша, мұндай фактілерге үзілді-кесілді жол берілмеуі тиіс.
"Сыбайлас жемқорлық жағдайы сияқты мұндай шибөрілердің басшылары да жауапқа тартылуы немесе қызметінен босатылуы қажет", - деп атап өтті Снежанна Имашева.
Депутат ең үлкен қауіп синтетикадан туындайтынын баса айтты.
"Ол арзан, қолжетімді, негізгі тұтынушылары – жастар. Балалар мен жасөспірімдерде тәуелділік алғашқы қолданудан кейін-ақ пайда болады, ал салдары өте қайғылы. Бүгінде, "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Кодекстің нормасында "психоактивті заттарға тәуелділіктің алдын алуды барлық жеке және заңды тұлғалар өздерінің құқықтары шегінде жүзеге асырады" делінген. Есірткіге қарсы іс-шаралар жүйелі түрде жүргізілмейді және бұл іс-шаралардың бірыңғай жоспары да, үйлестірушісі де жоқ", - деп жалғастырды ол.
Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева құқықтық сауаттылық пен мәдениетті мүмкіндігінше ертерек енгізген жөн деп санайды.
"Мектептер мен колледждерде кәмелетке жетпегендердің істері бойынша инспекторлары жоқ. Бір реттік дәрістерді аудай жетіспейтін полиция қызметкерлері оқиды. Мысалы, бүкіл елордада осындай екі-ақ қызметкер бар", - деп түйіндеді халық қалаулысы.