ОҚО-да қайтыс болған полиция аға лейтенантының туыстары қайғылы жағдайға жергілікті полиция басшылығын кінәлап отыр, деп хабарлайды 31 арна.
Нариман Назаровтың туыстары өмірі қиылар тұста ол басшысына телефон арқылы "бәріне сендер кінәлісіңдер" деп хат жолдаған дейді. Бірақ, оқиға орнына жеткен басшылығы кіріс-шығыс хаттары мен қоңырауларын түгел тазалаған деп отыр. Ал басшылықтың "жұмыстан қуыласың" деген желеумен Нариманнан "ақша бопсалауы" өлімге итермелегенін айтады.
"Оның намысына тиіп, жұрттың алдында боқтап, келемеждеген, осы соңғы жиналысында "сен болды, түстен кейін жұмыстан шықтың" деген. Жиналыстан қатты ашуланып шығып, үйіне барған да, өзіне қол салған. Кәдімгі жұмыс формасында болған", — дейді марқұмның ағасы Нұрсұлтан Назаров.
Банкомат карточкасы менде болатын деген марқұмның әкесі, ұлының төрт ай бойына жалақы алмауында да басшыларының қитұрқы әрекеті жатыр деп есептейді. Ал төрт айлық жалақыны ұлы қайтыс болған соң, бір күнге жеткізбей-ақ аударып берген деп отыр.
"Он жетісіне қайтыс болса, он сегізіне түсіріп отыр. Сонда осында келген адам, "бір қағазы қалған екен, қолдағы нәрсе ғой, қазір өзіміз толтырамыз да, өткізе саламыз" деп кетті. Түсірді. Сонда сол ақшаны түсіру үшін адам өлу керек болды ма", — деп ашынды Нариманның әкесі Ахмет Назаров.
Жергілікті полиция басшысына кіргісі марқұмның туыстарын есіктегілер ішке өткізбеді.
"Қазіргі таңда Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің өзіндік қауіпсіздік басқармасы қызметкерлері Ордабасы аудандық ішкі істер бөлімі жергілікті полиция қызметінің қызметкерлеріне қатысты қызметтік тексеру жүргізіліп жатыр", — деп түсіндірді ОҚО ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Қаракөзова.
Марқұмның жақындары Нариманның өліміне қатысты қылмыстық іс емес, қызметтік тексеруді бастаған құзырлы органдардың әрекеті түсініксіз дейді. Өйткені ертең адам өліміне қатыстары болуы мүмкін шенділердің ең қатаң жазасы сөгістен аспай қала ма деп қорқады.