ҚР ІІМ жоғары оқу орындарына қабылдау "Qyzmet-Police.kz" ақпараттық жүйесі арқылы жаңа цифрлық форматта жалғасады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
15 шілдеден бастап талапкерлер тұрғылықты жері бойынша аумақтық полиция департаменттерінде дене шынықтыру дайындығы бойынша нормативтерді тапсыруға кіріседі. Барлық сынақтар бейнежазбаға түсіріліп, тікелей эфирде көрсетіледі.
Ата-аналар да сынақ барысын жеке қатысып бақылай алады. Бұл конкурстық іріктеудің барынша ашық әрі әділ өтуін қамтамасыз етуге бағытталған.
– Біздің негізгі міндетіміз – конкурстың барынша ашық әрі баршаға түсінікті өтуін қамтамасыз ету. Бірінші кезең сәтті аяқталды. Кандидаттар құжаттарын жүйе арқылы тапсырды, әскери-дәрігерлік комиссияның нәтижелері де осы жүйеде көрсетілді. Соның арқасында қағаз түріндегі жеке істер, түрлі мекемелерге бару айтарлықтай азайды. 15 шілдеден бастап келесі кезең – дене шынықтыру даярлығы бойынша нормативтерді тапсыру басталады. Нормативтер жоғары оқу орындарында емес, кандидаттардың тұрғылықты жері бойынша аумақтық полиция департаменттерінде қабылданады. Бұл ең алдымен талапкерлер мен олардың ата-аналарына қолайлы болу үшін жасалып отыр.
Ең бастысы бүкіл процесс барынша ашық өтеді. Әрбір нормативтің орындалуы бейнежазбаға түсіріліп, тікелей эфир ұйымдастырылады. Сондай-ақ ата-аналар сынақтар өткізілетін жерде болып, олардың өту барысын өз көздерімен бақылай алады. Біз әр адамның конкурстың әділ әрі объективті өтіп жатқанына көз жеткізгенін қалаймыз. Нормативтер аяқталғаннан кейін әр кандидаттың материалдары тиісті жоғары оқу орнының қабылдау комиссиясына жіберіледі, – деді ІІМ жеке құраммен жұмыс жөніндегі департаментінің басқарма бастығы Сенбек Иманғали.
Комиссия ҰБТ нәтижелерін қарайды, жеңілдіктердің негізділігін тексереді. Конкурстық көрсеткіштер негізінде шешім қабылданады. Қажет болған жағдайда кандидат бейнебайланыс арқылы әңгімелесуге шақырылуы мүмкін. Әңгімелесу міндетті түрде жазылады. Биыл 1250 грантқа 4 мыңға жуық талапкер үміткер болып отыр.
– Сөз соңында ата-аналарға арнайы үндеу жасағым келеді. Сыйақы үшін оқуға түсуге көмектесемін, процесті жеделдетемін немесе қандай да бір мәселені шешіп беремін деген адамдарға сенбеңіздер. Өз уақыттарыңыз бен қаражаттарыңызды сақтаңыздар! Бүгінде барлық негізгі шешімдер цифрлық жүйеде қабылданады, әрбір кезең тіркеледі. Балаларыңыз бұл ақпаратты жеке кабинеттерінен көре алады, ал қабылдау науқанына қатысушылардың әрекеттері тексеріледі. Ішкі істер министрлігі барлық талапкерлерге сәттілік тілейді және білімдеріңіз, табандылықтарыңыз оқуға сәтті түсуге негіз болады деп сенеді, – деді ІІМ жеке құраммен жұмыс жөніндегі департаментінің басқарма бастығы Сенбек Иманғали.