"Полиция болып киініп, үй иесін ұрған": Словакияда адам ұрлады деген күдікпен 4 қазақстандық cтудент ұсталды

1214

Бұл іске 4 адамның қатысы болуы мүмкін. Олардың төртеуі ұсталып, біреуі қашып кеткен.

"Полиция болып киініп, үй иесін ұрған": Словакияда адам ұрлады деген күдікпен 4 қазақстандық cтудент ұсталды Фото: tnlive.sk

Словакияның Тренчин қаласында Қазақстанның төрт азаматы ұсталды. Жергілікті БАҚ олардың адам ұрлау және ақша бопсалау ісіне қатысы бар деген күдікке ілінгенін хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты.

TN Live басылымының мәліметінше, бетперде тағып, полиция қызметкерлерінің киіміне ұқсас форма киген бір топ жас жігіт егде жастағы әйелдің үйіне келіп, немересін іздеген.

Тергеу мәліметі бойынша, олар ер адамды соққыға жыққан. Күдіктілердің жасы 18 бен 21 аралығында. Олар жергілікті университетте білім алады.

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Словакияда төрт отандасымыздың ұсталғанын растады.

"ҚР СІМ-ге Словак Республикасында Қазақстанның төрт азаматының ұсталғаны белгілі. Азаматтарға консулдық-құқықтық көмек көрсетілуде, олардың туыстарымен байланыс орнатылды. Бұл жағдай ҚР СІМ-нің бақылауында", – деп хабарлады министрлік.

Күдіктілердің бірінің адвокаты Мартин Бурай тағылған айыптармен келіспей, тергеу ұсынған оқиға желісіне күмән келтіріп отыр.

Жергілікті БАҚ мәліметінше, кінәлары дәлелденсе, айыпталушылар 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу