Алматы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек қаладағы тәртіпсіздік кезінде 4 жасар қыз бен 12 жасар баланың қалай қаза тапқанын айтып берді, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Оның сөзінше, қаладағы тәртіпсіздіктер кезінде екі бала қаза тауып, тағы екі бала жансақтау бөліміне түскен.
"Тәртіпсіздік кезінде әкесі үш баласымен жолға шыққан. Олар алаңның жанынан өтуді ұйғарған. Нәтижесінде, көлікке оқ атылған. Жараланған екі бала жансақтау бөліміне жеткізілді, бірақ 4 жасар қыз бала қайтыс болды", – деді Салтанат Әзірбек.
Екінші бала Өтеген батыр көшесінде көз жұмды.
"5 қаңтарда сағат 23:00-де Алматы тұрғыны 12 жасар ұлымен бірге Өтеген батыр көшесіндегі үйінен шығып кеткен. Олар тәртіпсіздік кезінде нанға кетіп, оққа ұшқан, бала қаза тапты", – деп қосты спикер.
Балалардың өлімін Алматы қалалық ІІД Тергеу басқармасы тексеріп жатыр. Салтанат Әзірбек қалада шиеленіскен жағдай сақталып тұрғанын, ата-аналар балаларын жіті қадағалауы қажеттігін атап өтті.
Еске сала кетсек, 8 қаңтарда балалар омбудсмені Аружан Саин мегаполис көшелерінде ата-анасымен қыдырып жүрген кезінде оқ тиген балалар туралы хабарлаған болатын. Сондай-ақ ол 7 қаңтарда қала тұрғындарының бірінің көлігіне оқ жауып, соның салдарынан 4 жасар қыздың қаза тапқанын айтты.
Құралай Құдайберген