Ақмола облысының полицейлері қызмет бабында опат болған əріптесін еске алды, деп хабарлады облыстық ІІД баспасөз қызметі.
Тəуелсіздік алған жылдан бері Ақмола облысында 34 полиция қызметкері кісі қолынан қаза тапты. Соның бірі полиция лейтенанты Серік Мұхамеджанов. Ол бұзақылардың қолынан жазым болды.
2004 жылдың 2 қарашасында Атбасар ауданының Сочинск ауылында мас екі адамның қоғамдық тəртіпті бұзғаны туралы хабар түседі. Оқиға орнына дереу жеткен Серік бұзақылардың бірін əкімшілік хаттама толтыру үшін полиция учаскесіне алып келеді. Артынша қолына мылтық ұстаған бұзақылардың екіншісі полиция участогіне баса көктеп келіп, полиция лейтенантына оқ атады. Серік алған ауыр жарақатынан көз жұмады. Қайтыс болғаннан кейін Серікке ҚР Президентінің Жарлығымен 2-ші дәрежелі "Айбын" ордені тапсырылады. Марқұмның артында əйелі мен екі баласы қалады. Осы күні қызы Əсия əкесінің ізін жалғап, ішкі істер органдарында қызмет атқарса, ұлы Тимур колледжде оқиды. Жақында Серік Мұхамеджановтың құрметіне орай Атбасар аудандық мəдениет үйінде кездесу өтті. Оған аудан əкімдігі, "Нұр Отан" партиясы филиалының өкілдері, ішкі істер органдарының қызметкерлері жəне марқұмның туған-туыстары қатысты. Шара барысында бір минуттік үнсіздік жарияланып, жиналғандарға "Тəуелсіздікпен туған батырлар ұрпағы" атты көркем фильм көрсетілді.