Марқұм Ақтөбеде 2 айдан астам уақыт бойы мәйітханада жатып қалып, кейін белгісіздер зиратына жерленген, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Аман Жақаев былтыр жазда суға кетіп мерт болған. Қарт анасы мен бауыры іздеу жариялап, күзде ғана тәртіп сақшыларынан оның қайтыс болғанын естиді. Кейін олар тәртіп сақшыларын сотқа беріп, моральдық шығын ретінде 4 миллион теңге талап етеді.
"Талап қоюшылар жауапкерлердің әрқайсынан 2 миллион теңге көлемінде моральдық зиян ретінде өтемақы өндіруді сұраған. Сот шешімімен Ақтөбе облысының Полиция департаментінен әр талап қоюшының пайдасына 300 мың теңгеден өндірілді. Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ", - деп мәлімдеді Ақтөбе облысы соты баспасөз қызметінің бас маманы Жансая Тайырова.