Киберполиция жүргізген мұқият талдау және жедел іс-шаралар нәтижесінде алаяқтарды қазақстандық байланыс операторларының абоненттік нөмірлерімен қамтамасыз еткен тұлғалар анықталды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Бұл нөмірлер азаматтарға, оның ішінде шетелде жасалатын алаяқтық қоңырауларға пайдаланылған. Бірінші SIM-карталарды жаппай тіркеп, үшінші тұлғаларға WhatsApp мессенджеріндегі растау кодтарын беріп отырған ер адам ұсталды. Осылайша алаяқтар қазақстандық нөмірлерге тіркелген аккаунттарды өз бақылауына алып, қылмыстық схемаларда қолданған.
Жедел іс-шаралар барысында киберполиция қызметкерлері екінші қатысушыны анықтады. Ол – телефондарға арналған аксессуарлар дүкенінің сатушысы. Клиенттердің жеке деректерін пайдаланып, олардың атына қосымша абоненттік нөмірлер рәсімдеп, өткізіп отырған.
Аталған арна арқылы 3 мыңнан астам абоненттік нөмір пайдалануға қосылып, интернет-алаяқтық әрекеттерде қолданылғаны анықталды.
Күдіктілер қамауға алынды.
Сотқа дейінгі тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.