Полицияға интернет алаяқтардың мекенжайын анықтауға арналған құрал-жабдықтар сатып алынды

691

Бұл туралы Бас прокурор Берік Асылов мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Полицияға интернет алаяқтардың мекенжайын анықтауға арналған құрал-жабдықтар сатып алынды

"Қазіргі уақытта жауапты мемлекеттік органдар кешенді шараларды жүйелі түрде жүзеге асыруда. Атап айтқанда, Ішкі істер министрлігі криминалдық полиция бөлімшелеріне интернетті бақылау, әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің қазақстандық пайдаланушыларын (алаяқтарды) анықтау үшін заманауи құрал-жабдықтар мен мамандандырылған бағдарламалық жүйені сатып алды", – деді Берік Асылов Мәжіліс депутаттарының Mudarabah Capital компаниясына қатысты сауалдарына жауап бере отырып. 

Ол өткен жылдың басынан бері Бас прокуратура қылмыстың бұл түріне қарсы нақты шаралар қабылдағанын еске салды.

"Үйлестіру кеңесі өткізілді, ведомствоаралық жұмыс топтары құрылды, іс-шаралар жоспарлары мен әдістемелік құралдар әзірленді, микрокредиттер беру қағидаларына өзгерістер енгізілді, типологиясы мен өзара іс-қимыл жоспары қабылданды, қаржы пирамидаларының сыртқы белгілерінің тізбесі анықталды. Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған алаяқтыққа қарсы іс-шаралар қабылдау туралы тапсырмасын орындау мақсатында бірлескен шаралар кешені әзірленді. Осыған байланысты Жол картасының тармақтарын жүзеге асыру үшін Бас прокуратура жанынан ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды", – деп қосты Бас прокурор.

Сондай-ақ оның айтуынша Ішкі істер министрлігінің білікті мамандарын даярлау мақсатында, алаяқтық және қаржы пирамидалары бойынша қылмыстық істерді тергеу тактикасы мен әдістеріне бағытталған арнайы оқыту бағдарламалары әзірленген. 

"Полицияның аумақтық бөлімшелерінде осы санаттағы істерді ашуға және тергеуге маманданған тұрақты тергеу-жедел топтары құрылды. Қаржы мониторингі агенттігі ықтимал қаржылық пирамидаларды ерте анықтау механизмін енгізді", – деді Берік Асылов.

Еске сала кетсек, 10 ақпанда белгілі вайнерлер Мейіржан Төребаев, Мейірхан Шерниязов және Әзімжан Саидбаев қаржы пирамидасына қатысты іс бойынша айыпталушылар ретінде танылғаны белгілі болды. Кейін оның екеуі қамауға алынып, ал біріне іздеу жарияланды. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу