Алғашқы турда Польша Мексикамен 0:0 есебімен тең ойнаса, Сауд Арабиясы Аргентинаны 2:1 есебімен сүріндірді, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Бүгінгі кездесуде екі құраманың да жеңіске жетуге бар күшін салатыны анық еді. Польша басым түссе, турнир кестесіндегі жағдайын жақсартып алатын еді. Ал Сауд Арабиясы тағы бір мәрте үш ұпайды олжалаған жағдайда плей-офф сатысына берілетін жолдаманы ерте қалтаға басып үлгеретін.
Ойынның бастапқы кезеңінде Сауд Арабиясы белсенді қимылымен көзге түсті. Десе де есепті алғашқы болып польшалық құрама ашты. Кездесудің 39-минутында польшалық Роберт Левандовскидің берген пасын әріптесі Пётр Зелиньски қақпа торында тулатты.
Ал 45-минутта Сауд Арабиясы құрамасы сапынан Салем Аль Девсари пенальтиден мүлт кетті.
Екінші кезеңде құрамалар шабуылға көбірек көңіл бөлді. Есепті өзгертетін бірнеше мүмкіндік болған еді. Олар діттеген межесіне жетпей жатты. Сауд Арабиясы таразы басын теңестіруге ұмтылған еді. Есесіне өзінің қақпасына гол жіберіп алды. Қорғаушылардың қателігін шебер пайдаланған Роберт Левандовски өз құрамасының басымдығын арттырды.
Осылайша, Польша құрамасы қарсыласынан 2:0 есебімен басым түсті.
Аталған жеңістен кейін польшалықтар төрт ұпаймен көш басына шықты.