Польшада дәрігердің жеке жер телімінен 32 адам эмбрионы табылған, деп хабарлады inbusiness.kz сайты.
Wyborcza басылымының мәліметі бойынша, оқиға Ржешув қаласына жақын Люторыж ауылында тіркелген. Тергеу деректеріне сәйкес, учаскеде әртүрлі тереңдікте көмілген адам эмбриондары анықталған.
Билік 32 эмбрионның табылғанын ресми түрде растады, – делінген басылым материалында.
Тергеушілердің мәліметінше, жер телімінен эмбриондармен қатар медициналық материалдар мен жойылған құжаттардың қалдықтары да табылған. Барлық заттар сот-медициналық сараптама жүргізу үшін мәйітханаға жіберілген.
Құзырлы органдар эмбриондардың жер астында қанша уақыт жатқанын және олардың шығу тегін анықтауға бағытталған кешенді сараптамалар жүргізіп жатыр.
Осы іс бойынша 57 жастағы дәрігер Магдалена Х. ұсталған. Оған қатысты "адам қалдықтарын қорлау" және медициналық материалдарды заңсыз сақтау баптары бойынша айып тағылуы мүмкін.
Прокуратура істің әлі бастапқы кезеңде екенін және басқа тұлғалардың ықтимал қатысуы да тексеріліп жатқанын мәлімдеді.
Бейресми ақпаратқа сәйкес, дәрігер COVID-19 пандемиясы кезінде медициналық зерттеулер жүргізу мақсатында биоматериалдарды ауруханадан шығарған болуы мүмкін деген нұсқа да қарастырылуда.