Бүгін Польшадан "SCAT" әуекомпаниясының чартерлік рейсімен "Wipasz" поляк компаниясы өндіретін көп мәрте қолданылатын медициналық маскалар (100 мың дана) мен князь Любомирский Қорының қазақстандық оқушыларды қашықтан оқыту үшін сыйға берген компьютерлерін (ноутбуктерін) қамтыған гуманитарлық жүктің кезекті партиясы келді, деп хабарлады СІМ баспасөз қызметі.
"Поляк елінің Қазақстан үшін жасаған шынайы достық ықыласы COVID-19 пандемиясымен күрестегі жаһандық ынтымақтастықтың көрнекті үлгісі болып табылады", – деп жазылған хабарламада.
Бұған дейін 17 наурыз-12 сәуір аралығында Қазақстанға АҚШ, Қытай, Оңтүстік Корея, Жапония, Түркия және БАӘ-ден гуманитарлық көмек келіп түскен еді. Бұған қоса, қытайлық дәрігерлер Қазақстанға өздерінің тәжірибелерімен бөлісуге келсе, ал Израиль, Оңтүстік Корея және Жапониялық дәрігерлер коронавируспен күресу бойынша қазақстандық әріптестерімен онлайн режимде тәжірибе алмасты.