Польшаның Сыртқы істер министрлігі өз азаматтарын Ресейден шұғыл кетуге шақырды. Варшава Ресей аумағында жүрген отандастары дипломатиялық көмексіз қалуы мүмкін деген пікірде, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Euronews-ке сілтеме жасап.
Мәскеудегі Польша елшілігі мен Польшаның Сыртқы істер министрлігі өз азаматтарына Ресей Федерациясының аумағынан кету мүмкіндігін қарастыруға кеңес берді. Ведомство барлық қолжетімді коммерциялық немесе жеке көлік түрлерін пайдалануды ұсынып отыр. Поляк азаматтары аса қажет жағдайлардан басқа Ресейге жасалатын кез келген сапардан бас тартуы тиіс екені айтылған.
"Қауіпсіздік жағдайы күрт нашарлап, шекаралар жабылып немесе басқа да тосын жағдайлар туындаған жағдайда эвакуация қиындауы мүмкін, тіпті оны жүзеге асыру мүмкін болмай қалуы да ықтимал", – деді поляк дипломаттары.
2024 жылдың қазан айынан бастап Польша мен Ресей бас консулдықтарын өзара жаба бастаған. Соңғылары Гданьсктегі Ресейдің және Иркутсктегі Польшаның бас консулдықтары өткен жылдың аяғында жұмысын тоқтатты. Енді екі елде де бас консулдықтар қалмады, тараптардың астаналардағы елшіліктері ғана жұмыс істеп тұр. Осыған байланысты Варшава Ресей аумағындағы поляк азаматтары консулдық көмектен тыс қалып отыр деп санайды.
Екі мемлекеттің қарым-қатынасы Эрмитаждың қызметкері, ресейлік археолог Александр Бутягиннің тұтқындалуынан кейін нашарлады. Ол Нидерландтан Балқан елдеріне транзитпен бара жатқанда Польша жерінде ұсталды. Украина Бутягинді Қырым аумағында заңсыз қазба жұмыстарын жүргізді деп айыптады.