"Потенциал Ойл" компаниясы 1,4 млрд теңгеден астам айыппұл төледі

224

Кәсіпорында экологиялық талаптарды бұзудың бірнеше фактісі анықталған.  

"Потенциал Ойл" компаниясы 1,4 млрд теңгеден астам айыппұл төледі Фото: ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Атырау облысында "Потенциал Ойл" ЖШС қоршаған ортаны қорғау талаптарын бұзғаны үшін 1,4 млрд теңгеден астам айыппұл төледі, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Облыстық Экология департаментінің тексеруі барысында өндірістік және ағынды суларды бақылау талаптарын бұзу, экологиялық есептерді тапсырмау және белгіленген мерзімнен кеш тапсыру фактілері анықталған.

Сонымен қатар ластаушы заттардың шығарындыларына қатысты талаптардың сақталмағаны, тиісті экологиялық рұқсатсыз жұмыстар жүргізілгені және белгіленген шығарындылар лимиттерінен асып кеткені белгілі болған. Өндіріс пен тұтыну қалдықтарын басқару талаптарының да бұзылғаны анықталды.

Тексеру кезінде ластанған топырақ пен түпкі шламның қажетті экологиялық рұқсаттарсыз және белгіленген лимиттерден тыс жиналғаны анықталған. Бұған қоса, кәсіпорынның қалдықтарды басқару бағдарламасы нақты өндірілген қалдықтар көлеміне сәйкес келмеген.

Осы бұзушылықтар бойынша кәсіпорынға жалпы сомасы 1,4 млрд теңгеден асатын әкімшілік айыппұл салынған.

"Потенциал Ойл" ЖШС бұл шараларға сот арқылы шағымданған. Алайда бірінші және апелляциялық соттар компанияның талаптарын қанағаттандырмаған.

Қазіргі уақытта 1,4 млрд теңгеден асатын әкімшілік айыппұл мемлекет пайдасына толық өндірілген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу