Чехия Республикасының астанасы Прага қаласындағы Клементинум атындағы Ұлттық кітапханада Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен "Абай" мәдени-ақпараттық орталығының ашылу салтанаты мен "Абай оқулары" іс-шарасы өтті, деп хабаралайды ведомство баспасөз қызметі.
Қасым-Жомарт Тоқаев шет мемлекеттердегі Елшіліктер жанынан "Абай" орталықтарын ашу керектігін атап өткен болатын. Осыған орай, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, ҚР Сыртқы істер министрлігі және Қазақстан Республикасының Чех Республикасындағы Елшілігінің қолдауымен Прага қаласында "Абай" мәдени-ақпараттық орталығы ашылды. Орталық Қазақстан Республикасының Чех Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Марат Мұханбетқазыұлы Тәжиннің қолдауымен жүзеге асырылды.
Орталықтың міндеті – қазақ әдебиеті мен руханиятының дамуына үлес қосу, Абай шығармаларын оқу мәдениетін қалыптастыру, ақын мұраларын шет елдердегі ғалымдардың зерттелуіне және ғылыми еңбектердің көптеп жазылуына әсер ету. ҚР Ұлттық академиялық кітапханасымен тікелей байланыс орнататын жетекші рухани ордасы ретінде қазақ әдебиетінің оң имиджін қалыптастыру, ақын шығармаларына деген сұраныс пен ақпарат ағындарын бағыттау және реттеу, орталықтың ғылыми және мәдени қызметіне байланысты өткізілетін іс-шараларды бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау және ақпараттық қолдау көрсету.
Іс-шара барысында "Әлем таныған Абай" атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды, "Әлем таныған Абай" иллюстративті-кітаптар көрмесі мен "Абай әлемі" атты фотокөрмесі, "Естелік ғасырдан да ұзаққа созылады..." атты көрініс ұсынылды.
"Абай әлемі" атты фотокөрмеде Абайдың шығармашылығы мен өміріне қатысты тарихи ескерткіштер мен табиғат көріністері, ақын дүниеге келген қасиетті мекен туралы және қазақ елінің мәдени өміріне қатысты мол мағлұматтар берілді.