Прагадағы бизнес-форумға Қазақстан мен Чехияның 100-ден астам бизнес өкілі қатысты

717

Прагадағы бизнес-форумға Қазақстан мен Чехияның 100-ден астам бизнес өкілі қатысты

Прага қаласында (Чехия) Қазақстан Республикасы инвестициялар және даму вице-министрі Ерлан Хаиыров пен Чехия Республикасының сауда және өнеркәсіп министрінің орынбасары Йиржи Колиба мырзаның қатысуымен Чехия-Қазақстан бизнес-форумы өтті, деп хабарлады ИДМ баспасөз қызметі.
Форумды Қазақстан Республикасы инвестициялар және даму министрлігі, Қазақстан Республикасының сыртқы сауда палатасы және ТМД елдері бойынша сауда-өнеркәсіп палатасы ұйымдастырды. Форумға Қазақстан мен Чехияның 100-ден астам бизнес өкілдері қатысты.

Бизнес-форум аясында Қазақстанның инвестициялық тартымдылығы, өнеркәсіп, сақтандыру және сауда сияқты бағыттар талқыланды.

ҚР инвестициялар және даму вице-министрі Ерлан Хаиыров атап өткендей, Қазақстанда қолайлы инвестициялық жағдай жасалған. Транзит, машина жасау, энергетика, инновация және ауыл шаруашылығы ынтымақтастықтың перспективалы салаларына жатады.

Чехия Республикасының сауда және өнеркәсіп министрінің орынбасары Йиржи Колиба Қазақстан мен Чехияның тауар айналымы биыл 9 айда 500 млн. АҚШ долларын құрап, 121%-ға өскенін атап өтті.

Бұдан бөлек, ҚР сыртқы сауда палатасы мен ТМД елдерінің сауда-өнеркәсіптік палатасы арасында Чехия мен ҚР іскерлік кеңесін құру жөнінде өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

Бұл меморандум қолданыстағы коммерциялық келісімдерді жүзеге асыру жұмыстарын жалғастыруға және келешегі бар салаларды дамыту үшін жаңа байланыстар орнатуға мүмкіндік береді.

Қазақстанның сыртқы сауда палатасының басқарма төрағасы Аян Еренов қазақстандық тараптың чех инвесторларына және кәсіпкерлеріне серіктестер іздеуге көмектесуге дайын екенін атап өтті.

Іс-шара қорытындысы бойынша екіжақты іскерлік кездесулер өтті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу