Глубокое ауданы Предгорное ауылының халқы соңғы кездері электр энергиясына әдеттегіден 3-4 есеге дейін артық ақша төлейтіндерін айтып, арнамызға шағымданды. Алатын азын-аулақ зейнетақысын азық-түлік пен дәрі-дәрмекке жұмсап күнелткен халық, қалтаны қаққан бұл қымбатшылықтан құтқаруды сұрайды, деп жазады inbusiness.kz .
Алтайға қыс келгелі мұндағы елге де оңай тиіп жатқан жоқ. Қыс басталмай жатып әуре-сарсаңға түскендердің бірі Предгорное ауылының тұрғындары. Мұндағы үйлер орталық су жүйесіне қосылмаған. Тіршілік нәріне зәру болған халық суды қараусыз қалған мекеменің электр тоғына қосылып, сорғы арқылы алып отыр. Онысы күні-түні қосулы тұратындықтан тұтынушылар үшін электр энергиясына төленетін ақы да еріксіз көбеюде.
"Егер біз электр энергиясына ақшаны аз төлеу үшін сорғыны өшірсек, сумен қамтамасыз ететін бүкіл жүйе қатып қалады. Ол ертең тіпті үлкен мәселе болады", дейді Предгорное ауылының тұрғыны Валентина Григорьева.
Осыдан бес жыл бұрын су айдайтын мұнара құлап, құбырға су келмей қалған. Сондықтан ауызсудан қағылған елуге тарта отбасы қараусыз қалған мекеменің электр желісіне қосылуға мәжбүр болыпты. Бірақ бұл мәселені білетін жауапты шенеуніктер осы уақытқа дейін еш әрекет етпеді дейді.
"Біздің мына қыстың қақаған суығында көмексіз қалғанымыз әкімдік қызметкерлерін де басқаны да алаңдатып отырған жоқ. Сонымен қатар ауыл әкімі жиі ауысады. Бұл мәселені көтеріп, қандай да бір әрекет еткені туралы шенділердің арасында құжат та жоқ", дейді Предгорное ауылының тұрғыны Гүлнұр Шарифуллина.
Ауыл халқы жергілікті әкімдік қызметкерлері уәдені үйіп-төгуден басқа ештеңе істемейді деді. Ауыз су үшін қажетті құрал жабдықтарды да өз ақшаларына сатып алатындарын айтып ашынады. Әкім жоспарының бар екенін алға тартты.
"Басқа желіге қосуға болады. Ауылға келесі жылы су тарту жоспарда бар. Қазір жобалық сметалық құжаттары жасалып жатыр", деді Краснояр ауылдық округінің әкімі Мәдина Ахатова.
Қазір қатты аязға байланысты сорғы тоқтаусыз қосылып тұр. Алдағы айда да әр отбасы электр энергиясына ақшаны әдеттегіден тағы да артық төлеуге мәжбүрлейтіні анық. Сондықтан тұрғындар енді қол жинап, аудан немесе облыс прокурорына арыз жазып бермек.
Жанболат Санияз