Премьер-лигаға жолдама алған "Қайсар" футбол клубын Виктор Кумыков жаттықтырады

494

Жаңа бапкердің жетекшілігімен 15-27 желтоқсан аралығында футболшылар Түркия елінде алғашқы оқу-жаттығу жиынын өткізеді.    

Премьер-лигаға жолдама алған "Қайсар" футбол клубын Виктор Кумыков жаттықтырады Фото: gov.kz

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте "Қайсар"  футбол клубының директоры Садық Мұстафаев хабарлады, деп жазады Inbusiness.kz.

"Виктор Болютович спорт саласында өте тәжірибелі мамандардың бірі. Ол бұған дейін де қызылордалық клубта жұмыс істеген. Сондай-ақ "Елімай", "Есіл", "Шахтер", "Ордабасы", "Атырау", өзбекстандық  "Мащьал", "Насаф", "АГМК", "Андижан" клубтарында жетекші болған. Қазақстан футболы тарихында тұңғыш рет "Шахтерді" Еуропа лигасының топтық кезеңіне жеткізді. Сонымен қатар, үш мәрте Қазақстанның үздік бапкері. "Шахтер" ФК екі дүркін премьер-лига жеңімпазы атандырса, бір мәрте Қазақстан кубогы мен суперкубогының иегері болды. Ал 2008 жылдан бері PRO категориялы жаттықтырушы болып қызмет атқарып келеді. Бас бапкердің көмекшісі қызметін Олег Корниенко атқаратын болса, жергілікті маман Қанат Әлиев "Қайсардың" бапкерлік штабында жұмыс істейтін болады. Жалпы "Қайсар" футбол  клубы  жаңа маусымға үлкен дайындықпен қадам баспақ, - деді "Қайсар" футбол клубының директоры Садық Мұстафаев.

Жаңа жаттықтырушы өз кезегінде 20 жылдан соң қайта оралғанына қуанышты екенін жеткізді.

 "Қызылорда менің ыстық ұям десем болады. 20 жылдан кейін қайта оралуға мүмкіндік алдым. Аймақ басшысы, Сыр жанкүйерлері сенім артып, жауапты қызметтің тізгінін ұстатты. "Қайсардың" алға қойған мақсатын жүзеге асыруда аянып қалмаймын. Алда үш оқу-жаттығу жиынын өткізіп, чемпионатқа тыңғылықты дайындық жүргіземіз", – деді Виктор Кумыков.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу