Премьер-Министр Олжас Бектенов қазақстандық әйелдерді Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Аяулы аналар! Қымбатты арулар! Сіздерді 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!Әйел отбасының берекесі ғана емес, ол – барша тіршілік атаулының тірегі. Халқымыз ақ жаулықты аналарымыз бен сүйікті аруларымызды "ақ бесіктің иесі, шаңырақтың киесі" деп әркез аялап өткен. Рухы мықты, білімді, еңбекқор ұлттың болашағы да, бірінші кезекте киелі Ана атымен тікелей байланысты. Бүгінде әйелдер қауымы кемел ұрпақ тәрбиелеп, отбасылық құндылықтарды ұлықтаумен бірге, экономиканың барлық саласының дамуына да елеулі үлес қосып келеді", - деді Үкімет басшысы.
Ендеше, еңселі елдігімізді тербетіп, жанкешті еңбектің үлгісін көрсетіп отырған аналарымызға тағзым ету біздің бәріміздің қастерлі парызымыз болып қала бермек, деп атап өтті Олжас Бектенов.
"Ізгілік пен әсемдіктің береке-бастауы болған осынау шуақты мереке баршаңыздың жүректеріңізге жылу сыйласын. Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға бақыт, еңбектеріңізге толайым табыс тілеймін. Мерекелеріңіз құтты болсын!", - деді Премьер-Министр.
Айта кету керек, осыған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аруларды Халықаралық әйелдер күнімен құттықтағанын жазған болатынбыз.