Үкімет отырысында премьер-министр Бақытжан Сағынтаев облыс әкімдерінің егіс науқанына әзірлігі туралы есебін тыңдап, жауапты мемлекеттік органдарға алдағы жұмысты жүргізу аясында тапсырма берді, деп хабарлайды үкімет басшысының баспасөз қызметі.
Премьер-министр үкімет көктемгі егіс жұмысын қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету жөніндегі барлық шешімді қабылдағанын айтып өтті. Сондықтан бүкіл ауыл шаруашылығы жері тиімді пайдаланылуы керек. Бюджетте егістік үшін қарастырылған қаражат қатаң түрде мақсатқа сай игерілуі тиіс, бұл тұқымды субсидиялауға да қатысты.
Премьер-министр өзінің орынбасары, ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовке энергетика министрлігімен бірлесе отырып, ауыл шаруашылығы өндірушілерін дизель отынымен қамтамасыз ету мәселесін бақылауға алуды тапсырды. Сонымен қатар ҚазАгро холдингіне ақшалай қаражатты уақтылы бөлу және ауылдағыларға оның қолжетімділігін қамтамасыз етуді тапсырды.