Премьер-министр Алматы облысында жұмыс орындарын құру барысымен танысты

688

Премьер-министр Алматы облысында жұмыс орындарын құру барысымен танысты

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Алматы облысына жұмыс сапары барысында жаңа өндіріс орындары ашылып жатқан "Талдықорған" индустриялық аймағының жұмысымен танысты, сонымен қатар аймақтағы тұрғындарды жұмыспен қамту жөніндегі шаралар туралы есепті тыңдады, деп хабарлайды үкімет басшысының баспасөз қызметі.

Бақытжан Сағынтаевқа "Талдықорған", "Береке" индустриялық аймақтарының қызметі, "Қорғас – Шығыс қақпасы" АЭА жұмысы туралы мәлімет берілді, сондай-ақ Панфилов ауданындағы жаңа Нұркент қаласының құрылыс барысы және Gate Сity серіктес қаласын дамыту туралы баяндалды.

Қазір индустриялық аймақта 11 кәсіпорын жұмыс істеп тұр, оның ішінде металл бұйымдарын, жылытатын базальтті плита, асфальт, бетон мен басқаларын өндіретін зауыттар мен цехтер бар. Сонымен қатар, алдағы уақытта тағы 9 кәсіпорын осы жерге өз өндірісін орналастыруды жоспарлап отыр.

Жаңа өндірістерді білікті мамандармен қамтамасыз ету үшін өңірде тұрақты түрде бос жұмыс орны жәрмеңкелері өткізіліп тұрады. Премьер-министр "Жастар" атты жаңа саябақтағы бос жұмыс орны жәрмеңкесіне барды, мұнда 100-ге жуық кәсіпорын 1500-ден астам жұмыс орнын ұсынды.

Бақытжан Сағынтаевқа мұндай жәрмеңкелердің жиі өткізілуі есебінен, биылғы жылдың басынан бері 6 мыңнан астам адамды жұмысқа орналастыру мүмкін болғаны баяндалды. Оның ішінде тұрақты жұмыс орындарымен 2300-ге жуық адам, маусымдық жұмыспен – 1300 адам қамтамасыз етілді, жергілікті бюджет қаражаты есебінен ақы төленетін қоғамдық жұмыстармен 2700 адам қамтылды.

Азаматтарды жұмыс орындарымен қамтамасыз ету үшін үкімет қазірдің өзінде сервистік экономиканы дамыту шаралары кешенін жүзеге асырып жатыр, сонымен қатар президенттің тапсырмасымен өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы, сонымен қатар жұмыссыз жастар үшін тегін кәсіптік-техникалық білім беру бағдарламасы қабылданды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу