"Діни тәрбие беруде әр адамның жүрегіне дейін жету қажет". Мұны үкіметтің селекторлы режімдегі отырысында дін саласындағы мемлекеттік саясаттың 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасын талқылау барысында премьер-министр Бақытжан Сағынтаев айтты.
Премьер-министрдің айтуынша, бұл тұжырымдама жалпы қоғам мен қоғамдық сананың тұрақты және үйлесімді дамуына, эволюциялық жаңғыруына ықпал етуі керек.
"Мемлекет басшысы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдерімен кездесу барысында жас буынның діни сауатының төмендігіне айрықша назар аударған болатын. Сондықтан діни салада дұрыс тәрбиелік және ағартушылық жұмыс жүргізуде күш-жігерді шоғырландыруымыз, барлық тұжырымдаманың бейбіт жүзеге асырылуына септесіп, келісімді нығайтуға жәрдемдесуіміз қажет. Халық даналығы: "Алланы өз жүректеріңізден іздеңіздер. Оны одан басқа еш жерден таба алмайсыздар", – дейді. Сондықтан сіз бен біздің мақсатымыз – әрбір адамның жүрегіне дейін жету", – дейді үкімет басшысы.
Айта кетейік, үкіметтің селекторлы режімдегі отырысында дін саласындағы мемлекеттік саясат тұжырымдамасы талқыланған болатын.