Үкімет отырысында Олжас Бектенов жауапты министрліктерге саланы дамытуға қатысты бірқатар тапсырма берді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
– Цифрландыру мемлекеттік қолдау шараларының ашықтығы мен тиімділігін арттыруға ықпал етеді. Ауыл шаруашылығы жерлерін есепке алуда ІТ-құралдарды енгізу маңызды.
Цифрландыру алқаптар мен жайылымдық жерлерді ұтымды пайдалануға, егін егу жұмыстарын тиімді жоспарлауға көп көмектеседі. Осыған орай, барлық ауыл шаруашылығы алқабына ғарыштық мониторингті кеңінен қолданып, дрондарды пайдалану керек, – деді Үкімет басшысы.
Премьер-министр ауыл шаруашылығына төнетін қауіптерді, ықтимал қуаңшылықтарды цифрлық технология көмегімен ерте болжауға, сол арқылы дайындық жұмыстарын жасауға болатынын жеткізді.
– Климаттық тәуекелдерді, астықтың түсімін және азық-түлік өнімдерінің нарықтық бағасын болжау үшін цифрлық шешімдер мен жасанды интеллектіні кеңінен қолдану керек. Жасанды интеллектіні қолдана отырып, егінді суару, өсімдіктерді қорғау құралдары мен тыңайтқыштарды қолдану, жем-шөп тұтыну, сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникалары паркін басқару процестерін оңтайландыру қажет, – деп сөзін нақтылады Олжан Абайұлы.