Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев үкімет үйінде бизнес құрылымдар өкілдерінің қатысуымен экономиканы жылдамдатылған технологиялық жаңғырту мәселелері жөнінде мемлекет басшысының "Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік" атты халыққа жолдауын іске асыру жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлайды үкімет басшысының баспасөз қызметі.
Отырыс барысында төртінші өнеркәсіптік төңкеріс элементтерін енгізу арқылы бәсекеге қабілетті өндірістерді дамыту мәселелері талқыланды.
Белгілі болғандай, мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа жолдауында сандық технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияны тарату, елімізде 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, сандық қызмет көрсету секілді болашағы бар салаларды дамыту қажеттігін атап көрсеткен. Бұл индустрия бүгінде дамыған елдердің экономикасының құрылымын өзгертіп, дәстүрлі салаларды жаңа сапаға келтірген.