Премьер-Министр елдің батысындағы жағдай туралы: "Кінәлілер жауапқа тартылады"

576

Үкімет отырысы республиканың батысында болған төтенше жағдайдан басталды. 

Премьер-Министр елдің батысындағы жағдай туралы: "Кінәлілер жауапқа тартылады" Фото: Inform.kz

Қолда бар отын қоры бүкіл республикаға жетеді. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов айтты, деп жазады inbusiness.kz.

Үкімет басшысы кеше Маңғыстау атом энергетикалық комбинатында бірінші энергоблок апатты жағдайда тоқтап қалғанын еске салды. Салдарынан автоматты қорғау жүйесі іске қосылып, Маңғыстау және Атырау облыстары электр энергиясынан ажыратылды. Бірқатар кәсіпорындарға, оның ішінде Атырау мұнай өңдеу зауытына электр қуаты берілмей қалды.

"Ақтаудағы энергокомбинатта апатты жағдайдан автоматты қорғау жүйесі іске қосылды. Қазіргі таңда энергиямен қамтамасыз ету қалпына келтіріліп жатыр. Бұл аймақтардың энергия жүйесі Батыс энергетикалық торабымен біріктірілген", - деп атап өтті Әлихан Смайылов.

Оның сөзінше, Атырау мұнай өңдеу зауытында технологиялық ақаулар анықталмаған. Зауыттың жұмысын қауіпсіз тоқтату үшін дер кезінде шаралар қабылданды, деп жалғастырды Премьер-Министр.

"Ешқандай да жанар-жағармай тапшылығы болмайтынын атап өткім келеді.

Қолда бар отын қоры бүкіл республикаға жетеді. Барлық мұнай өңдеу зауыты тоқтату туралы алып-қашпа әңгімелер шындыққа жанаспайды. Жағдай бақылауда. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Премьер-Министрдің төрағалығымен апаттың себептерін тексеру үшін арнайы Мемлекеттік комиссия құрылды. Кінәлілер жауапқа тартылады", - деді Үкімет басшысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу