Премьер-министр тәркіленетін тауарлардың жойылатынына күдіктенді

640

Премьер-министр тәркіленетін тауарлардың жойылатынына күдіктенді

Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев тәркіленген сапасыз тауарлардың сөреге қайтып түспеуін қадағалауды тапсырды, деп xабарлайды ҚазАқпарат.
"Адам денсаулығына қауіпті өнімдерді тәркілеуге қатысты айтарым, біз аталған мәселені әлі күнге дейін дұрыс реттей алмай отырмыз. Айтамыз да, қоямыз. Осыдан екі жыл бұрын Дәурен Әскербекұлы (ақпарат және коммуникациялар министрі) дұрыс айтты. Қауіпті тауарларды қалай жойып жатқанымызды үнемі көрсетіп отыруымыз қажет. Әйтпесе, акцияны өткіземіз, тауарды жоямыз, сонымен - тәмам. Ары қарай не болып жатқанын білмейміз", - деді Бақытжан Сағынтаев үкіметтің бүгінгі отырысында. 
Премьер-министрдің айтуынша, тәркіленген тауарлардың жойылатынын не жойылмайтынын, болмаса олардың қайтадан сөрелерге қойылатынын ешкім білмейді. 
"Айыппұл салынды ма? Нақты қандай шаралар қолға алынды? Сөз жүзінде бәрі жақсы. Мемлекеттік бақылау кезінде тауардың қауіпті екені дәлелденсе, ол тауардың қайтып сөреге түспейтінін қадағалау қажет", - деп атап көрсетті Бақытжан Сағынтаев. 
Айта кетейік, бүгінгі отырыста тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін бақылау саласында бірыңғай органды белгілеу мәселесі қаралды. Ауыл шаруашылығы министрлігі аталған міндетті толығымен өзіне жүктеуді сұрап отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу