Премьер-министр ТМД Үкімет басшылары кеңесінің отырысына қатысты

541

Премьер-министр Қазақстанда құрылып жатқан Ұлттық тауар өткізу жүйесінің моделін кеңейтуді және ТМД-ның Тауар өткізу жүйесін қалыптастыруды ұсынды.  

Премьер-министр ТМД Үкімет басшылары кеңесінің отырысына қатысты

Премьер-министр Асқар Мамин бейнеконференция байланысы режимінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының (ТМД) Үкімет басшылары кеңесінің (ҮБК) отырысына қатысты, деп хабарлайды primeminister.kz.

"Бізге пандемия салдарын барынша азайту және жаңа экономикалық шынайылықтарға дайындық үшін өзара іс-қимыл нүктелерін бірлесіп іздеуді жалғастыру қажет", – деді Асқар Мамин.

Қазақстан Үкіметінің басшысы пандемияның салдарын азайту жөніндегі шараларды қоса алғанда, ТМД-ның 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған Экономикалық даму стратегиясын тиімді іске асыруды қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті. Премьер-министр Қазақстанда құрылып жатқан Ұлттық тауар өткізу жүйесінің моделін кеңейтуді және ТМД-ның Тауар өткізу жүйесін қалыптастыруды ұсынды.

"Елдеріміз арасында АӨК өнімдерінің үздіксіз ағынын қамтамасыз ету – азық-түлік қауіпсіздігін және қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етудің негізгі факторы", – деді Асқар Мамин.

Үкімет басшысы ТМД-ға қатысушы елдердің бірлескен туристік жобаларды іске асыру бастамасын көтерді. Мысал ретінде Қазақстан мен Өзбекстанның "Ұлы Жібек жолы" трансшекаралық туристік өнімін құру жөніндегі жұмысы келтірілді. Бұл ретте елдер визалық режимдерді үндестіруді және "Түркістан – Шымкент – Ташкент – Самарқанд – Бұхара – Хиуа" жоғары жылдамдықты теміржол қатынасын ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Премьер-министр ТМД аясында "жасыл" технологияларды дамыту және енгізу бойынша бірлескен іс-қимыл жоспарын әзірлеуді ұсынды.

"Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі келісілген жұмыс экономикаларымыздың тұрақты дамуы және ұзақ мерзімді перспективада халықтың тұрмыс сапасын арттыру үшін қосымша жағдайлар жасауға жол ашады", – деді А. Мамин.

Отырысқа Әзербайжан Премьер-министрі Али Асадов, Беларусь Премьер-министрі Роман Головченко, Қырғызстан Премьер-министрі Садыр Жапаров, Молдова Премьер-министрі Ион Кику, Ресей Премьер-министрі Михаил Мишустин, Тәжікстан Премьер-министрі Кохир Расулзода, Өзбекстан Премьер-министрі Абдулла Арипов, Армения вице-премьер-министрі Мгер Григорян, Түрікменстан министрлер кабинеті төрағасының орынбасары Рашид Мередов, ТМД атқарушы хатшысы Сергей Лебедев қатысты.

ТМД аясындағы экономикалық өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері және ТМД-ның 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған Экономикалық даму стратегиясының бірінші кезеңін іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары талқыланды. Отырыс қорытындысы бойынша радиоактивті материалдарды трансшекаралық тасымалдау, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің қоғамды цифрлық дамыту саласындағы ақпараттық өзара іс-қимылы туралы келісімдер, сондай-ақ атом энергетикасында, ауыл шаруашылығында, көлік секторында, машина жасауда және басқа да салаларда ынтымақтастықты нығайту жөніндегі шешімдер қабылданды.

ТМД ҮБК келесі отырысын 2021 жылғы мамырда Минск қаласында өткізу жоспарланып отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу