Премьер-министрдің ШҚО-ға жұмыс сапары Семей қаласынан басталды

978

Бақытжан Сағынтаев ұшып-қону жолағы мен аэровокзалды реконструкциялау нәтижесімен танысты.

 Премьер-министрдің ШҚО-ға жұмыс сапары Семей қаласынан басталды

ҚР премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапарымен ШҚО-ға келді. Өңірге жасалған жұмыс сапары Семей қаласынан басталды, деп хабарлайды primeminister.kz.

Премьер-министр ұшып-қону жолағы мен аэровокзалды реконструкциялау нәтижесімен танысты. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтың баяндауынша, әуежайды жаңғырту рейстер мен жолаушылар санын ұлғайтуға, сондай-ақ, ұшу кезіндегі қауіпсіздік деңгейін арттыруға жол ашады.

2016 жылғы желтоқсанда "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасы аясында басталған әуежайды реконструкциялау жұмыстары биыл аяқталады. Жобаны іске асыру ұшу-қону жолағын, жер үстімен жүру жолдарын және перронды, сондай-ақ, аэровокзал ғимаратын жөндеуді қамтыды. Ұшу-қону жолағына қатысты жұмыстар толықтай аяқталған: бүгінгі таңда аталған жолақ облысаралық және облысішілік авиарейстердің әуе кемелерін қабылдап, жөнелтеді. Осы жылдың 2 қыркүйегінен бастап ұшу-қону жолағы "Өскемен — Семей — Үржар", "Семей — Алматы", "Семей — Астана" бағыттары бойынша Ан-24 типіндегі ұшақтарды қабылдайды. Аэровокзалға қатысты жалпы аяқталған жұмыстар бүгінде 93% құрайды.

Жаңғырту қорытындысы бойынша әуежай "В" санатындағы халықаралық әуежайларға арналған ИКАО (Халықаралық азаматтық авиация ұйымы) талаптарына сай болады. Ал бұл 300 жолаушыға дейін тасымалдай алатын Boeing, Airbus, ИЛ-76 типіндегі әуе кемелерін қабылдауға мүмкіндік береді. Яғни, тәулігіне 25-30 рейске дейін, сағатына 200 адамға дейін қызмет көрсетуге жол ашылады. Жолаушылар терминалының ғимараты қауіпсіз пайдалану талаптарына жауап беретін болады, ал ол жолаушыларға қызмет көрсету сапасын едәуір жақсартады.

"Scat, Qazaq air, Bek air, Air Astana секілді отандық авиакомпанияларды тартумен қатар, Ресей Федерациясына, Түркияға, Мысырға, БАӘ-ге халықаралық рейстерді ұйымдастыруға мүмкіндік туады. Аэровокзалда халықаралық және ішкі әуе қатынастарының жекелеген залдары пайда болады, заманауи тексеру жабдығы орнатылады. Жалпы, кешенде 250-ден астам адамға жұмыс орны ашылады", — деп баяндады Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары С. Ақтанов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу