Премьер-Министрге БҚО-дағы күре жолдар проблемасын шешу тапсырылды

606

Президент ұзақ жылдар бойы шешілмей келе жатқан Батыс Қазақстан облысындағы күре жолдар проблемасы бойынша Үкіметке және аймақ басшысына тапсырмалар жүктеді, деп хабарлайды Мемлекет басшысының баспасөз қызметі.

Премьер-Министрге БҚО-дағы күре жолдар проблемасын шешу тапсырылды

"Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Egemen Qazaqstan" газетінде жарияланған "Күре жолдағы күрсініс" атты мақалаға назар аударды. Басылым Батыс Қазақстан облысындағы күре жолдар жағдайының нашарлығына байланысты мәселе көтерген. Президент бұл өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін жаңғырту маңызды міндеттің бірі екенін және автожолдардың 70 пайызының сапасы сын көтермейтінін 2019 жылы айтқан болатын. Мемлекет басшысы Оралда өткен кездесуде "бұл азаматтардың күнделікті өмірінде қиындық туғызып қана қоймайды, сондай-ақ өңірдің экспорттық және транзиттік әлеуетін төмендетеді" деген еді.

Президент сол кезде Үкіметке әкімдікпен бірлесіп, Қазталов, Жәнібек және Бөкей ордасы аудандарындағы жолдарды жөндеу жұмыстарын 2021 жылдың соңына дейін аяқтауға тапсырма берді және бұл мәселе өзінің жеке бақылауында болатынын ерекше атап өтті.

 Алайда, "Egemen Qazaqstan" газетіндегі мәліметтер бойынша осы аудандарды облыс орталығымен байланыстыратын жолдарға әлі күнге дейін асфальт төселмеген. Құрылыс жұмыстары бекітілген кестеден айтарлықтай қалып келеді және қаржы мәселесінде де түйткілдер бар. Жергілікті тұрғындар жолдың жоқтығынан зардап шегіп отыр, әсіресе көктем мен күзде жағдай мүлде ушыға түседі" делінген хабарламада.

Мемлекет басшысы Үкімет пен облыс әкімдігіне барлық қажетті шараны тез арада қабылдауды тапсырды. Тиісті жұмыстардың белгіленген мерзімде орындалмауына кінәлілер жазалануға тиіс.

Президент бұл мәселені шешуді Премьер-Министр Әлихан Смайыловқа жүктеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу