2019 жылы тегін дәрілік қамтамасыз етуге дәрі-дәрмектердің 83%-ы сатып алынды. Бұл туралы ҚР денсаулық сақтау министрлігінің фармация комитетінің төрағасы Людмила Бюрабекова мәлімдеді, деп хабарлайды ortcom.kz.
"Қазіргі кезде екі кезеңдік екі тендердің қорытындылары шықты. Тендерлік рәсімдердің шеңберінде бүгінгі күнге дейін 72 млрд теңгеге 350 позиция сатып алынды. Бұлар артериялық гипертензия, қант диабеті, онкология, гемофилия, шашыраңқы склероз, жүрек ауруы, пневмония, тыныс демікпесі сияқты және басқа ауруларды емдеуге арналған дәрі-дәрмектер", - деді Людмила Бюрабекова.
2019 жылға тегін дәрілік қамтамасыз етуге сатып алынатын дәрілер мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың тізіміне 1144 позиция кіреді. Медұйымдардан алдын ала 203,5 млрд теңге сомаға тізім бойынша өтінімдер келіп түскен.
Ал сатып алынған препарттарды бірыңғай дистрибьютордың қоймаларына жеткізу желтоқсан айының басында басталады, ал 2019 жылдың басынан бастап олар медициналық ұйымдарға жөнелтілмек.