2025 қорытындысы: бизнес-омбудсмен кәсіпкерлер құқығын қорғауда жүйелі реформалар ұсынды

170

Кәсіпкерлікті қорғау жөніндегі Бизнес-омбудсмен стратегиясын іске асыру мақсатында КҚҚУ бірқатар шаралар қабылдады.

2025 қорытындысы: бизнес-омбудсмен кәсіпкерлер құқығын қорғауда жүйелі реформалар ұсынды Фото: canva.com

Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 310-бабының 2-тармағына сәйкес дайындалған Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің (КҚҚУ) есептік баяндамасы бизнесті құқықтық реттеу және құқық қолдану практикасының жылдық үрдістерін, сондай-ақ іскерлік ортаны және инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі шараларды қамтиды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Есепті кезеңде Қазақстан Республикасы Президентінің "Заң және Тәртіп" құқықтық идеологиясына сәйкес Бизнес-омбудсмен институты мемлекеттік органдардың қызметіне қоғамдық бақылау аясында өзінің медиациялық рөлін күшейтті. Оның қызметі жекелеген өтініштерге жауап берумен шектелмей, жүйелі сипатқа ие болып, болжамды нормативтік-құқықтық ортаны қалыптастыруға бағытталды.

2025 жылы Бизнес-омбудсмен кәсіпкерлік қызметті жүргізу жағдайларын жақсартуға бағытталған реформалардың бастамашысы ретінде жұмысын жалғастырды:

  • РӘТ институтын депутаттардың заңнамалық бастамаларына тарату;
  • тауарлардың қадағалануын таңбалаудың ерікті моделін енгізу;
  • монополияға қарсы орган тарапынан бизнеске шамадан тыс бақылау тәуекелдерінің алдын алу;
  • корпоративтік басқаруға ашықтық тетіктерін енгізу.

Сонымен қатар, бірқатар маңызды нәтижелерге қол жеткізілді.

1.Салықтық әкімшілендіру. ЖТС бойынша әлеуметтік шегерімдерді кері есептеу (ретроспективті қайта есептеу) тәжірибесі алып тасталды. Электрондық шот-фактураларды (ЭШФ) автоматтандырылған бұғаттауды қолдану шектелді – тек жеткізілім фактісі болмағандықтан өз ЭШФ-ны кері қайтарып алған тәуекелі жоғары салық төлеушілерге қатысты қолданылады. Нәтижесінде Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің ведомстволық актілері деңгейінде ҚҚС бойынша алдын ала төлем тәжірибесі, мәмілелерді (жеткізілімдерге әкімшілік тексерусіз) жарамсыз деп тану және кәсіпорындарды (азаматтық-құқықтық тарату рәсімінсіз) жарамсыз деп тану практикасы барынша азайтылды.

2. Кәсіпкерлерді ұйымдасқан қылмыстық топ (ҰҚТ) құру туралы айыптаулардан қорғау. Конституциялық Сот Бизнес-омбудсменнің заңнамадағы тұжырымдардың бұлыңғыр болуына байланысты бизнес құрылымдарын ҰҚТ белгілері ретінде тануға жол берілмейтіні туралы ұстанымын қолдап, ҰҚТ-ны қылмыстық сыбайластықтың өзге нысандарынан ажыратуды ұсынды.

Осыған байланысты, Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Үкіметке ҰҚТ ұғымын бизнесті күш көрсету арқылы бақылау негізінде тұрақты табыс табатын жеке тұлғалардың бейресми бірлестігі ретінде заңнамалық тұрғыда айқындау жөнінде ұсыныс енгізді. Алайда бұл ұсыныс қазіргі кезеңде қолдау таппады. Нәтижесінде құқық қорғау органдары кәсіпкерлердің экономикалық құқық бұзушылықтарға топ болып қатысуының кез келген нысандарын ҰҚТ ретінде саралауды жалғастыруда. Яғни, 2025 жылы кәсіпорындардың ұйымдастырушылық құрылымдарын ҰҚТ белгілеріне жатқызуға тыйым салу туралы заңнамалық норма іс жүзінде толық жұмыс істемейді, себебі ол ҰҚТ құру фактісіне байланыстырылмай, жалпы "қылмыстық мақсатпен" түсіндіріледі және жеке тұлғаларға емес, заңды тұлғаларға бағытталған. Осыған байланысты, аталған бағыттағы Уәкілдің жұмысы жалғастырылатын болады.

3. Азаматтық-құқықтық даулар бойынша қылмыстық қудалаудан қорғау. КҚҚУ аппараты азаматтық-құқықтық дауларды негізсіз қылмыстық салаға көшіру жағдайларын тіркеуді жалғастырды. Тиісті өтініштер Бас прокуратураға, Сенатқа және Президент Әкімшілігіне жолданды. Олардың қорытындысы бойынша Президент Әкімшілігінің басшысы Бас прокуратураға КҚҚУ-мен бірлесіп бизнесті негізсіз қылмыстық қудалау аясына тартуға жол бермеу жөнінде кешенді шаралар қабылдауды тапсырды.

4. Кәсіпкерлік қызметті оның мәмілелерін ретроспективті қайта қарау арқылы әкімшілік қысымнан қорғау. 2025 жылы әкімшілік және сот шешімдерін, жекешелендіру, инвестициялық және өзге де азаматтық-құқықтық мәмілелерді, оның ішінде талап қою мерзімі өтіп кеткен жағдайларды негізсіз ретроспективті қайта қарау үрдісі анықталды. Осы мәселелер бойынша прокуратура органдарына жолданған өтініштер тек ішінара қанағаттандырылды. Сонымен қатар, бұрын қабылданған шешімдерді, мәмілелер мен шарттарды қайта қарау салдарынан адал инвесторлардың шығындарын өтеудің қамтамасыз етілмеу тәуекелдері сақталуда.

Атап айтқанда, КҚҚУ-дің жүйелі ұсыныстары Парламент Сенаты тарапынан қолдау тауып, Үкіметке, Жоғарғы Сотқа, Бас прокуратураға және "Атамекен" ҰКП-ға ұсынымдар түрінде бекітілді.

Алдағы жұмыстың негізгі бағыттарының бірі лауазымды тұлғалардың кәсіпкерлерге зиян келтірген заңсыз шешімдері үшін жеке материалдық жауапкершілік тетігін енгізу болады.

Бұл ретте мемлекетке бизнеске келтірілген шығындарды кінәлі лауазымды тұлғалардың есебінен регресс тәртібімен өтеу міндетін енгізу, сондай-ақ кәсіпкерлердің пайдасына шығарылған сот шешімдерін мемлекеттік қызметшілердің қызмет тиімділігін бағалау кезінде ескеру көзделуде.

Қарау қорытындысы бойынша КҚҚУ-дің есептік баяндамасы оның қорытындылары мен бастамаларын ескере отырып, Мемлекет басшысының қарарымен қабылданды. Аталған құжат танысу және жұмыс барысында пайдалану үшін Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министріне, стратегиялық жоспарлау және реформалар, бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттіктерінің басшыларына, сондай-ақ "Атамекен" ҰКП-ға жолданды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу