Президент 27 курсантқа офицер шенін тапсырды

876

Бүгін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елорда күні қарсаңында салтанатты ту көтеру рәсіміне қатысты.

Президент 27 курсантқа офицер шенін тапсырды Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы қалыптасқан дәстүр бойынша әскери институттары мен академияларының 27 курсантына офицер шенін тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Бұл өте маңызды, ешқашан ұмытылмайтын күн. Барлығыңызға офицер шені беріледі. Әскери оқу орнында алған білімдеріңізді отанымыздың қауіпсіздігін сақтауға жұмсайтын кез келді. Нағыз сардар елдің мықты қорғаны болуы тиіс. Сіздер бүкіл өмір жолдарыңызды адал әскери қызметке арнап отырсыздар. Ата-бабаларымыз Отанымызды ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғады", ­– деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті Екінші дүниежүзілік соғыс майданында, Ауғанстан жерінде болған қақтығыстарда 100 мыңдаған отандастарымыз ерліктің үлгісін көрсеткенін баса айтты.

"Қазіргі күрделі жаһандық ахуалда біздің ер-азаматтарымыз түрлі шиеленіс ошақтарына барып, бітімгерлік миссиясын абыроймен атқаруда. Бүгінде бейбіт өмір кешіп, жарқын болашақ үшін еңбек етіп отырғанымыз сол ержүрек батырлардың арқасы. Олардың даңқты жолын жалғастыру сіздерге жүктелген қастерлі парыз. Білікті әскери қызметкер адамгершілік құндылықтарын биік ұстайтын, темірдей тәртіпті сақтайтын, табанды еңбек ететін адам болуы тиіс. Егемен еліміздің кәсіби қарулы күштері дәл осындай талаптарға сай болуы үшін қажетті жағдай жасау әрқашан мемлекеттің басты назарында болады", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу