Президент Әкімшілігі бірқатар министрліктердің штатын қысқартуды ұсынды

1074

Президент Әкімшілігі бірқатар министрліктердің штатын қысқартуды ұсынды

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің бүгінгі кеңейтілген мәжілісіне қатысқан Президент Әкімшілігінің басшысы Әділбек Жақсыбеков ұзақ уақыт бойы бос орындарды ұстап, жұмысқа адам алмай жатқан министрліктерді сынға алды. Аталған мемлекеттік органдар резервте бар адамдарды қызметке қоюға асықпаса, ондай ведомствоның штатын қысқарту қажеттігін айтты, деп хабарлайды  "ҚазАқпарат".

"Маған түскен ақпаратқа сәйкес, "А" корпусындағы ваканттық қызметтерге (басшылық - авт.) адам тағайындау жұмысы дұрыс жүргізілмейді. Қазіргі кезде резервтің барына қарамастан, 16 лауазым әлі де бос тұр. Төрт ай бойы алты бірдей министрлікте 8 комитеттің төрағасы әлі тағайындалмай отыр. Ал осы қызметке үміткерлердің резерві 39 адамды құрап отыр", – деді Ә.Жақсыбеков.

Оның айтуынша, мемлекеттік қызмет саласында мамандардың жиі ауысуы басты проблемалардың бірі болып отыр. Соған қарамастан, қаржы министрлігінде 970 қызмет орны бос тұрса, ұлттық экономика министрлігінде – 900-ден астам, ал ауыл шаруашылығы министрлігінде 280 қызметке әлі адам алмаған. Облыстық және аудандық әкімдіктерде де солай.

"Негізі, бос тұрған жұмыс орындарының көптігі, басшылардың жиі ауысуы мемлекеттік қызмет аппаратының жұмысына кері әсерін тигізіп отыр. Бізге осыны жан-жақты зерделеп шығу қажет. Қазіргі жағдайға не себеп болды? Неге ол орындар бос тұр? Бәлкім, сол министрліктердің штатын қысқартамыз. Соның арқасында біраз ақшаны үнемдеуге болады", - деп атап көрсетті Президент Әкімшілігінің басшысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу