Мемлекет басшысы мұсылман үмбеті үшін білімнің, рухани тәлім-тәрбие мен ізгіліктің шамшырағы саналатын "Әл-Азһар" университетінің абырой-беделіне Қазақстан жұртшылығы зор құрметпен қарайтынын жеткізді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Президент толеранттылық пен конфессияаралық диалогтың нығаюына зор үлес қосқаны, сондай-ақ ислам дінінің шынайы қағидаттарын дәріптегені үшін Жоғарғы имамға ризашылығын білдірді.
Мемлекет басшысының айтуынша, қазіргі жік-жікке бөлінген заманда осынау құндылықтардың мән-маңызы одан сайын арта түсті.
Қасым-Жомарт Тоқаев шейх Ахмед ат-Тайебті келесі жылы Астанада өтетін VIII Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезіне қатысуға шақырды.