Президент Жетісу жұртшылығымен кездесіп, бірнеше нысандарда болды. Президент Жетісу жерінің тарихи маңызына тоқталып өтіп, дөңгелек үстелдің басына жиналғандармен әңгіме-дүкен құрды.
Мемлекет басшысы жиын соңында Алматы облысында шешілуге тиіс бірқатар мәселені тізіп өтті.
"Барлық аймақтардағы секілді Алматы облысында да ауыл тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамту мәселесі шешімін таппаған. Бұл мәселемен түбегейлі айналысу керек. Бөлінген қаржының тиімділігін есеп комитеті анықтасын. Алматы облысында апатты әрі үшауысымдық мектептер әлі бар. Бұл мақсатқа 2018-2019 жылдары 15,5 млрд теңге бөлінген. Дегенмен, облыс әлі 20 мектепке мұқтаж. Осы мәселені шешу үшін 2020-2021 жылдарға қосымша 29 млрд теңге бөлуді тапсырамын",– дейді Президент.
Жиыннан соң Мемлекет басшысы Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысты. Президентке таныстырылған орталық енді бір терезе қағидаты бойынша жұмыс істейді. Яғни, кез келген кәсіпкерге кез келген көмек осы жерден көрсетіледі.
Жомарт Тоқаевтың жұмыс сапары Қаратал ауданының орталығы Үштөбе қаласында жалғаспақ. Ол жерде Президентке сервистік әкімдіктің жұмысы таныстырылады. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Кемел Тоқаев атындағы орта мектепке барады деп күтіліп отыр. Президенттің диқандармен де кездеседі деген жұмыс жоспары бар.